Ақпараттық блок: Инсульттен қалай сақтануға болады❓
⠀
✔Бұл жайында біздің емхананың жалпы тәжірибиелік дәрігері Аманова Айгерім Бахытқызы өз кеңесін береді.
Инсульттің екі түрі бар. Бірі – ұйыған қан түйіршіктерінің (тромб) ми қан тамырын бітеуінен пайда болатын ақ (ишемиялық) инсульт, екіншісі – қан тамыр жарылып, миға қан құйылудан болатын геморрагиялық инсульт.
⠀
Ишемиялық инсульт алған науқасқа 4 сағат ішінде жедел ем-дом жасалуы тиіс. Оның белгілері FAST тест (face – бет, arm – қол, speech – тіл, time – уақыт) арқылы анықталады. Яғни, кенет бет-аузы қисайып, тіл күрмеліп, аяқ-қол тепе-теңдігін сақтай алмаса тездетіп «жедел жәрдем» шақыру керек.
Кез келген кісі FAST тестті білуі керек.
⠀
Инсультті емдеуде уақыт өте маңызды.
⠀
Жедел жәрдем көмекке келгенше науқасты тегіс жерге жатқызып, басын 30 градус көтеріңіз. Терезені ашып, галстугін босатып, түймелерін ағытуды да ұмытпаған жөн. «Мұндай кезде қасындағылар науқастың тілін қолмен, қасықпен басып жатады. Бұл дұрыс емес. Тіпті дәрі беруге де болмайды.
⠀
Инсульт, инфаркт, жарақат сияқты ауруларға «жедел жәрдем» ең жақын жердегі, ең білікті мамандар тобын жіберетіндіктен, инсульт екенін айтып шақырған абзал.
Әр адам өз денсаулығына жауапкершілікпен қарауы керек. Көбі спортпен айналысуға уақытымыз жоқ дейді. Меніңше оған арнайы уақыттың да, спорттың да керегі жоқ. Ертелі-кеш 10 минутын үйде немесе кеңседе отырып жаттығуға арнаса болғаны, ол әлеуметтік желілерді ақтаруға да кететін уақыт қой. Күніне кемінде 40 минут жаяу жүру, жұмысқа велосипедпен бару өте пайдалы. Қуырылған, майлы тағамдардың мәзірін буда, суда піскен тамаққа ауыстырған абзал. Көкөністер мен жеміс-жидектерді күнделікті тұтынып, таза суды көп ішу керек. Бұдан бөлек жыл сайын скринингтен өтіп, қан қысымын, қандағы қант, холестерин, майдың құрамын тексертіп тұрған жөн.
⠀
© Все права защищены 2019 |