Басты бет Біздер туралы Жаңалықтар Нәрестені дұрыс емізу

Нәрестені дұрыс емізу

Бүгін №27қалалық емханасының дені сау бала кабинетінде нәрестені дұрыс емізу ережелері жайында дәрігер сабақ өтті. Жас аналарға емізу кезінде нәрестені дұрыс ұстау, оны тамақтандыру ережесі, іші ауырғанда қандай іс-әрекеттер жасау керек деген сынды көптеген сұрақтарға жауап берілді.

Адам өмірінің ал-ғашқы 6 айы ішінде ана сүтіне тең келер ешбір ас жоқ. Себебі:
Оның құрамында нәрестенің дені сау әрі күшті болып өсуіне қажетті нәрлі заттардың барлығы бар.
Ана сүті оңай қорытылады.
Сүтте алғашқы айларда нәрестені қабынулардан (инфекциялардан) сақтайтын иммундық заттар бар.
Ана сүті әрқашан таза.
Ол әрдайым керекті жылылықта.
Ол аллергия туғызбайды.
Емізгенде ана мен бала ерекше жақындық пен қауіпсіздікті сезінеді.
Қалай емізу керек?
Күндіз болсын, түнде болсын, балаңызды қарны ашып емшек сұраған сайын емізетін болыңыз. Жас нәрестелер, әсіресе алғашқы айларда, әр 1–3 сағат сайын емгісі келіп тұрады. Нәресте қашан және қанша уақыт емгісі келсе, сонша емізіңіз. Ол емген сайын емшектегі сүт бітіп қалмайды, қайта түзіле береді. Алғашқы айлардан кейін, балаңыздың біртіндеп әр 3– 4 сағат сайын емуге көшетінін байқайсыз.
Ана сүтінің құрамы емізген кезде өзгеріп отырады. Алдымен шыққан сүттен гөрі бірнеше минуттан кейін шыға бастайтын сүт майлырақ болады. Нәресте осы майға өте мұқтаж. Сондықтан емізгенде ол алдымен бір емшекті еміп босатсын. Тоймаса, екінші емшекті ұсыныңыз. Келесі рет емізгенде, балаға соңғы рет еміп тауыспаған немесе (егер тауысқан болса) ембеген емшекті беріңіз. Осылайша сіз емшектің екеуін де жүйелі түрде босатып отырасыз.